Манарбек Сәдуов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Ауыл әкімдерін сайлау науқаны – қоғамымыздағы үлкен саяси оқиға»

Новости, Новости Казахстана 6 531 Әңгімелескен Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ, «Арқа ажарының» өз тілшісі. arka-azhary.kz

Үстіміздегі жылдың 25 шілдесінде елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткелі отыр. Саяси науқанды өткізуге өңірімізде қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын білу мақсатында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовпен әңгімелескен едік.

–Манарбек Айдарбекұлы, Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін айтқан болатын. Осы саяси науқанды өткізуге қандай дайындық жұмыстары жүргізілуде?

– Осыған дейін елімізде ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлап келгені белгілі. Үстіміздегі жылдың 25 мамырында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойып, соның негізінде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізіледі. Әкімдердің сайлауын өткізу биылғы жылдың 25 шілдесіне бекітілді. Облысымыз бойынша ауылдық деңгейде 239 әкім бар.

Осы жылы солардың 96-сын, яғни, 40 пайызын ауыл тұрғындары өздері сайлайтын болады. 95 әкім осы айда, ал, біреуі қазан айында сайланады. Сайлау 227 елді мекенде өтеді. Оларда 153 мың адам тұрса, соның ішінде 100 мың сайлаушы сайлау процесіне қатысады. Сайлау өткізілетін 227 елді мекенді жік-жігімен айтатын болсақ, оның ішінде 8 аудандық маңызы бар қала, 172 ауылдық округ пен 48 ауыл, 11 кент бар. Осынау жауапты іске 238 сайлау комиссиясы тартылады деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 20 аумақтық, 218 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Облыс бойынша 721 сайлау учаскесі бар болса, бұл жолы сайлау процесіне өңірдегі барлық сайлау учаскелерінің 30 пайызы қатыстырылады.

Олар сайлауға дайындық жұмыстарына биылғы жылдың 25 маусымында кірісті. Нақтырақ айтсақ, сайлау өтетін орындарды дайындап, сайлаушылардың тізімін нақтылауда. 21-23 маусымға дейін үш күн бойы облыстық сайлау комиссиясы аудандық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын оқытудан өткізіп, сертификаттарын тапсырдық. Саяси науқан алдында оқыту ұйымдастырған себебіміз, еліміздің көптеген заңнамалық актілеріне, соның ішінде «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» конституциялық заңына көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сайлау процесіне жауапты адамдар заңды жетік білуі тиіс. Ендігі кезекте оқытудан өткен тұлғалар жергілікті жерлерге барып, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерін оқытады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының оқытушыларымен бірге аудандарға шығып, оқыту семинарларын өткіземіз. Сайлау комиссияларының мүшелері заңды неғұрлым жақсы білсе, сайлау соғұрлым жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Орталық сайлау комиссиясы сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді және сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Әкімдердің сайлауы биыл алғаш рет өтетіндіктен сайлауды қаржыландыру мәселесін орталық сайлау комиссиясы өз мойнына алды
Ал, 2023 жылдан бастап қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылады.

Ауыл әкімдерін сайлау науқаны – қоғамымыздағы үлкен саяси оқиға. Бұл жолғы сайлауда облыстық сайлау комиссиясының атқаратын негізгі міндеті сайлауды ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз ету, учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттерін, арыздары мен шағымдарын қарау. Біз немесе сот қарайды. Ал, саяси науқан кезінде негізгі салмақ аудандық сайлау комиссияларына түседі.

Президенттік сайлау болса, Президенттің Жарлығы болуы керек. Депутаттар сайлауына орталық сайлау комиссиясы жауапты болатын. Енді, бұл жолғы сайлауды тағайындап отырған – аудандық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссиялары. Олар өздері қаулы қабылдап, интернет сайттарда жариялады. Және де сайлау округтерін құрды. Ендігі кезекте олар кандидаттарды, кандидаттардың сенім білдірген өкілдерін тіркейді, куәліктерін береді. Кандидаттардан құжаттар келген бойда оны тексерістен өткізу үшін тиісті органдарға жіберіп, талаптарға сай, сай еместігі анықталады. Кандидаттардың тіркелгені жайлы бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама береді. Сайлау бюллетеньдерін дайындайды.

Учаскелік сайлау комиссиясы әкімдер сайлауының қорытындысын аудандық, қалалық сайлау комиссиясына тапсырады. Сөйтіп, үш күннің ішінде сайлау қорытындысы шығарылады. Сайлау пандемия жағдайында өткелі тұрғандықтан, маска, залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз ету өз алдына, қазіргі таңда біз сайлау комиссияларының мүшелерін вакцинациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал, денсаулық жағдайына байланысты вакцина алмаған комиссия мүшелері міндетті түрде ПТР тест тапсыруы керек болады.

–Өз сөзіңізде «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» конституциялық заңына бірқатар өзгерістер енгізілгенін айттыңыз. Ол қандай өзгерістер? Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз.

–Бұрында сайлау кезінде «бәріне қарсымын» деген баған болмайтын. Заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді сайлаушылар сондай құқыққа ие. Мысалы, әкім болуға үш кандидат болды делік, оның ешқайсысы көңіліңізден шықпаса, сіз «бәріне қарсымын» деген бағанды белгілей аласыз.

Ал, бұрынғы заңнамаға сәйкес, сіз міндетті түрде бір кандидатты таңдауыңыз керек болатын. Кандидаттарды ұсынуда да жаңашылдықтар бар. Мысалы, әкімдердің сайлауында саяси партиялар да өз кандидаттарын ұсынуға құқылы. Және де азаматтар өз өздерін ұсына алады. Өзін-өзі ұсыну үшін ол азамат сайлаушылардың бір пайызының дауы сын жинауы керек. Бұлардан бөлек, әкімдікке кандидат болу үшін міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы, сыбайлас жемқорлықпен ұсталмаған, жасы 25-тен жоғары болуы, өтелмеген және алынбаған соттылығы болмауы қажет.

Егер де сайлау болайын деп жатқан кезде әкімдікке ешқандай кандидат тіркелмесе, онда сол аудан әкімінің екі адамды ұсынуға құқы бар. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, бір әкім екі реттен артық сайлана алмайды. Бұл заңға жаңадан қабылданған өзгерістер болғаннан кейін бұрын ауылда әкім болған азаматтарға да сайлауға қатысу құқығы беріліп отыр. Ал, саяси партиялар ұсынатын кандидаттар міндетті түрде сол партияның мүшесі болуы тиіс. Статистикалық деректерге сүйенсек, әкімдерді мәслихат депутаттары сайлаған кезде 2013 жылы Ақмола облысы бойынша 246 әкім, 2017 жылы 157 әкім сайланған. Өмір болғаннан кейін адамдар басқа қызметке ауысып немесе басқа жаққа қоныс аударып жатады. Есептеп отырсам сондай себептермен кезектен тыс 745 сайлау өткізген екенбіз.

–Мысалы, келесі жылы басқа да әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталса, әкімдер сайлауы тағы өтеді ме?

–Иә, дұрыс айтасыз. Әкімдер белгілі бір себептермен қызметін босатса, біз қырық күннің ішінде кезектен тыс сайлау өткізуіміз керек. Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде мүмкіндік болып жатса, 2024 жылы аудан және қала әкімдерін де тікелей сайлауға көшеміз деген болатын. Оның бәрі уақыттың еншісінде.

–Жалпы, бүгінгі таңда ауылдардың болашағы алаңдатарлық мәселе екені жасырын емес. Осы сайлау ауылдарға не береді деп ойлайсыз? Ауылда әкім боламын, ауылды көтеремін деп құлшынып тұрған азаматтар бар ма?

–Әрине, бар. Басқа облыстарды білмеймін, бірақ, бізде әкім болуға өз өзін ұсынатын кандидаттар көптеп тіркеледі деген ойдамын. Қазіргі таңда әкімдерге көптеген мүмкіншіліктер беріліп отыр. Бюджеттен ақша бөлінуде. Халық әкімін өзі сайлап алғаннан кейін әкімге «сені біз сайладық, талаптарымызды неге орындамайсың» деп тіке айта алады.

Ауылға жаны ашитын азаматтар керек. Осы сайлауда ауыл халқы әкім болуға лайықты азаматты сайлап алады деп сенемін. Әкімдерді тікелей сайлау арқылы тағайындау тек қана бізде емес, басқа да дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде бар. Бұл елімізді демократияландыруға жасалған тағы бір қадам деп ойлаймын.